Фото: ҚР ДСМ
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың медициналық туризмге қатысты депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Үкімет басшысының айтуынша, 2025 жылдың басынан бері елімізде шамамен 1,5 мың шетелдік азамат отандық клиникаларда ем алған. Бұл көрсеткіш Қазақстанның халықаралық медициналық бағыт ретіндегі тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда 48 елдің азаматтары еліміздің клиникаларына электронды виза (E-Visa) жүйесі арқылы оңай кіре алады.
Олжас Бектенов өз жауабында медициналық туризм саласын дамытуға арналған жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын атап өтті. Бұл құжат шетелдік пациенттерді тартуға және медициналық қызмет экспортын ілгерілетуге бағытталған.
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау өз сауалында медициналық туризмнің бірыңғай операторын құруды ұсынған болатын. Ол оператор клиникалар мен туроператорлар арасындағы байланысты үйлестіріп, шетелдік науқастарға ыңғайлы сервистік жағдай жасауы тиіс деп санайды.
«Егер біз Қазақстанды шетелдік пациенттер үшін тартымды бағытқа айналдырғымыз келсе, түсінікті әрі ыңғайлы механизм қажет. Бірыңғай оператор қазақстандық медицинаның брендін ілгерілетумен және жоғары сапалы стандарттарды қамтамасыз етумен айналысуы керек», — деді Нұргүл Тау.
Депутаттың пікірінше, медициналық туризмді дамыту тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, қазақстандық медицинаның сапасын және дәрігерлердің кәсіби деңгейін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.
