26 қар, 2025 сағат 17:30

Қазақстанда медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасағаны үшін жаза күшейеді

Фото: Pexels.com

Мәжіліс медицина қызметкерлерін қорғауды күшейтетін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Бүгін Мәжіліс депутаттары Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда қолдады. Құжат Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне жасалатын зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.

Заң жобасында медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қызметтік міндетін орындау кезінде күш қолданғаны үшін жаңа қылмыстық бап енгізіледі. Жаза түрлері әрекеттің ауырлығына қарай сараланады.

Қауіпті емес күш қолдану немесе күш қолдануға оқталу үшін:

  • 500–1000 АЕК көлемінде айыппұл,

  • сол мөлшерде түзету жұмыстары,

  • 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар,

  • 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Егер әрекет ауыр болса:

  • 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылады.

Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданған жағдайда:

  • 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Аса ауыр жағдайларда:

  • жаза мерзімі 7 жылдан 12 жылға дейін ұлғайтылады.

Сонымен қатар, түзетулер аясында ішкі істер органдарына осы санаттағы қылмыстар бойынша алдын ала тергеу және анықтау жүргізуге арнайы құзырет беру көзделген.