Қазақстанның 9 облысы мен республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарына дауыс беру басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті. Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да өз кандидаттарын ұсынған.
Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар.
Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-нан – 158, «Nur Otan» партиясынан - 216, «ADAL» СП-нан – 215, «Ақ жол» ҚДП-нан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 партиялық тізім тіркелді.
Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де - Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылады.