Қазақстанда COVID-19 ауруының тәуліктік өсімі 4 пайыздан 1,7 пайызға төмендеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекет басшысы тапсырмасымен осы жылдың 5 маусымынан бастап коронавирустың таралуына байланысты Қазақстан бойынша жарияланған қатаң шаралар кезеңі өз нәтижесін берді. Бүгінгі таңда аурудың тәуліктік өсімі 4 пайыздан 1,7 пайызға төмендеді. Дерттен жазылғандардың саны 66 пайызға жетті. Жедел жәрдемдерді шақыру саны 40 пайызға, оның ішінде коронавирусқа байланысты шақыру 52 пайызға азайды. Ауруханалардағы жататын орындардың қолдану деңгейі 90 пайыздан 40 пайызға төмендеп отыр. Осыған байланысты жеті өңірде қосымша 15 провизорлық стационар жабылды. Жедел жәрдем шақырғандардың саны 40 пайызға, оның ішінде пневмония бойынша 35 пайызға төмендеді», - деді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, ауруханалар мен емханаларда бір айлық дәрі-дәрмек қоры құрылып, бөлшек сауда нарығын қолдау үшін шетелден 10 миллионға жуық дәрі-дәрмек жеткізілген.
Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын екі аптаға ұзартуды тапсырған болатын.