Құрылыс кәсіпорындары мен ұйымдарының 2020 жылғы қаңтар-наурызда атқарған жұмыс көлемі 456,1 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" energyprom.kz-ға сілтеме жасап.
2020 жылғы қаңтар-наурызда елдегі құрылыс жұмыстарының көлемі 456,1 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7 пайызға көп.
Олардың айтарлықтай бөлігін құрылыс-монтаж жұмыстары алады, яғни 412,4 млрд теңге. Ал 23,3 млрд теңге ағымдағы жөндеуге, 20,3 млрд теңге күрделі жөндеу жұмыстарына кетеді.
Осы жылдың 3 айында шетелдік құрылыс ұйымдарының құрылыс жұмыстарының көлемі 17,3%, жеке меншік құрылыс ұйымдары- 82,7 пайыз, мемлекеттік құрылыс ұйымдары - 0,01пайызды құрады. Бір жыл бұрын дәл осы мерзімде жеке қазақстандық құрылыс компаниялары құрылыс жұмыстарының көлемі 85,9 пайыз, шетелдік құрылыс компанияларының жұмыс көлемі - 14,1 пайыз, мемлекеттік құрылыс компанияларының жұмыс көлемі - 0,04 пайызды құраған.
Құрылыс жұмыстарының жалпы көлеміндегі шетелдік ұйымдардың ең көп үлесі Атырау облысына тиесілі (41,1%). Одан кейінгі орында Нұр-Сұлтан қаласы (33,3%). Басқа аймақтарда бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспайды.