17 ақпан күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан тағы 14 адам қайтыс болғанын хабарлады. Оның екеуіне ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған.
Осылайша, Қазақстанда коронавирус індеті келгелі вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар арасында қайтыс болғандардың саны 2664-ке жетіп отыр. Билік бұл статистикаға Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамды кіргізбеген. Елде барлығы 204 055 адамның вирус жұқтырғаны расталған. Ал 16 ақпан күні коронавирус инфекциясымен 796 науқас тіркелген.
Қазақстан үкіметі ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмонияның есебін 1 тамыздан жүргізе бастаған. Содан бері бұл аурумен 48 766 адам тіркеліп, оның 604-ы қайтыс болған.
Үкімет коронавирус пневмониясының есебін жергілікті және халықаралық сарапшылардың дабыл қағуынан кейін ғана жүргізді. Былтыр денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2 тамызына дейін елде. 256 мың адамның пневмонияға шалдыққанын, оның алдыңғы жылғыдан 3,3 есе көп көрсеткіш екенін айтқан.