26 сәу, 2021 сағат 04:56

Қазақстанда коронавируспен ауырған адам саны 309 мыңнан асты


25 сәуірде Қазақстанда 2716 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл туралы 26 сәуірде таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Жексенбі күні Алматыда 693 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұл республика бойынша бір күн ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Нұр-Сұлтанда – 475, Қарағанды облысында – 240, Алматы облысында – 220, Батыс Қазақстан облысында – 166, Ақмола облысында – 150, Ақтөбе облысында 125 науқас тіркелген. Атырау облысында – 97, Шығыс Қазақстан облысында – 86, Павлодар облысында – 75, Шымкентте – 96, Қызылорда облысында – 82, Жамбыл облысында – 51, Маңғыстау облысында – 51, Түркістан облысында – 49, Солтүстік Қазақстан облысында – 34, Қостанай облысында 27 адамнан Covid анықталған.

2020 жылдың наурыз айынан бері Қазақстанда 309 116 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 3570 адам коронавирустан қайтыс болған. 24 сәуірде 20 адам өлімі тіркелген. Бұл статистикаға "коронавирустан емес, басқа аурудан қайтыс болды" делінген мыңнан астам адам (кемінде 1619 адам) өлімі енбей қалған.

Қазақстан үкіметі былтыр тамыздан бастап анализінен коронавирус анықталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. 2020 жылдың 1 тамызынан бері 52 459 адамға (24 сәуірде 25 науқас тіркелген) коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 51 мыңнан астамы жазылған. Пневмонияның осы түрі 775 адамның өліміне себеп болды деп айтылады. 24 сәуірде 4 адам содан қайтыс болған.

Қазір 42 549 адам коронавирустан емделіп жатыр. 42 100-інің коронавирус тесті оң шыққан. 769 адамның жағдайы ауыр, 179 адамның жағдайы өте ауыр. 113 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

25 сәуір күнгі мәлімет бойынша, 878 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алған. 26 сәуірден бастап тұрғындарға коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac вакцинасы егіле бастайды.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне қарағанда, әлемде коронавируспен тіркелгендер саны 146 миллионнан асқан. Оның 3 миллион 106 мыңы қайтыс болған. 84 млн 629 мың адам жазылған.