ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков Қарағандыда өндірілетін «Спутник V» вакцинасы ерікті негізде ең алдымен, қай санаттағы адамдарға егілетіндігін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығаратын негізгі алаң ретінде іріктеп алынған болатын. Қазірдің өзінде зауыттан шығарылған 6 мың доза «Спутник V» вакцинасының тәжірибелік партиясы сапасын тексеру үшін Ресейге жіберілді.
Жалпы, аталған кәсіпорын ақпан айында мұндай вакцинаның - 80 мың, наурызда - 150 мың, ал одан кейін ай сайын 600 мың дозасын шығаруды жоспарлап отыр. Қазақстанда халықты жаппай вакцинациялау жұмысы 2021 жылдың ақпан айына жоспарланған.
«Вакцина Қазақстандағы бүкіл медициналық мекемеге жеткізілетін болады. Ең алдымен, ерікті негізде медицина қызметкерлері, педагогтер, студенттер, құқық қорғау органдарының, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері, сонымен қатар созылмалы аурулары бар тәуекел топқа кіретін адамдар тегін екпе алады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.
Оның атап өтуінше, әзірше, вакцинаның нақты құны айқындалған жоқ.
Еске салсақ, кеше ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қарағанды фармацевтикалық кешеніне барып, «Спутник V» вакцинасын өндіруді бастап берді.
Алдын ала болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамыры ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынатын болады. Вакцина алатындардың болжамды саны 2 347 000 адамды құрайды.