Сәрсенбі, 8 қыркүйекте Қазақстанда 4 106 адамның анализінен коронавирус табылды. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 500-ге көп. Індет басталғалы бері елде 828 224 адамның ПТР тесті оң көрсеткен.
7 қыркүйекте 86 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған. 72-інің ПТР тесті оң шыққан, 14 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрінен қайтыс болды деп айтылады. Сейсенбі күні 302 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған.
Халықаралық ұйымдардың қысымынан кейін Қазақстан билігі 2020 жылдың тамызынан бастап коронавирус пневмониясының статистикасын жүргізе бастаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы былтыр маусым мен шілдеде қатты өршіп, бәсеңсіген "пневмонияны" "диагнозы дұрыс қойылмаған коронавирус" деп атаған еді. 2020 жылдың тамызынан бері елде шамамен 72 мың адам коронавирус пневмониясына шалдыққан.
Қазір 84 262 адам коронавирус инфекциясынан (–76 339 + және 7 923 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 17 749 пациент стационарда, 66 513 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
• 1 390 адамның жағдайы ауыр,
• 346 пациенттің жағдайы өте ауыр,
• 197 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Індет басталғалы бері Қазақстанда 10 076 адам коронавирустан қайтыс болған. Коронавирус пневмониясы 4 611 адамның өліміне себеп болған. Жергілікті комиссияның шешімімен "Covid-тен емес, басқа аурудан қайтыс болды" деген мыңдаған адам өлімі денсаулық сақтау министрлігінің базасына енгізілмеген.
19 млн халқы бар Қазақстанда 5,8 млн-ға жуық адам коронавирусқа қарсы толық егілген.
Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), отандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген вакцинасы Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген екпесін Vero Cell, сондай-ақ тағы бір қытай компаниясы Sinovac компаниясының екпесі CoronaVac қолданылады.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде 222 млн адам коронавирусқа шалдыққан, 4,6 миллионы қайтыс болған.
