07 қыр, 2021 сағат 11:30

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 820 мыңнан асты


6 қыркүйекте Қазақстанда 3583 адамның анализінен коронавирус табылды. Биыл шілде мен тамыз айларында коронавирус ушыққан кезден бері алғаш рет бір күнде тіркелген науқастар шамамен 3,6 мыңға азайып отыр. Бір күн бұрын 3,9 мың науқас анықталған. 

Күндік көрсеткіш бойынша Алматы (957), Қарағанды облысы (398), Нұр-Сұлтан (327), Алматы облысы (246), Ақмола облысы (221), Қостанай облысы (203) алда тұр. Қалған қалалар мен облыстарда бір тәулікте тіркелген науқастар 200-ге жетпейді. 

2020 жылдың наурыз айынан бері Қазақстанда 820 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. 727 мыңы жазылған. Кеше, 6 қыркүйекте 6342 адам айыққан.

Қазақстанда пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққандар Covid статистикасына енгізілмей, бөлек есептеледі. Бірақ халықаралық сарапшылар оны коронавирус деп есептейді. 5 қыркүйекте Қазақстанда 12 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталған. 2020 жылдың 1 тамызынан бері 71 мың адам осы аурумен ауырған. 

Індет басталғалы бері коронавирус тесті оң шыққандар арасында 9915 адам өлімі тіркелген. 5 қыркүйекте 64 адам қайтыс болған. 2020 жылдың тамызынан бері 4,5 мың адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған. 15-і екі күн бұрын қайтыс болған. 

Қазір 90 160 адам коронавирус инфекциясынан (–82 575 + және 7 585 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 19 279 пациент стационарда, 70 881 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

• 1 479 адамның жағдайы ауыр,

• 387 пациенттің жағдайы өте ауыр,

• 209 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған

19 млн халқы бар Қазақстанда 5,7 млн адам вакцинаның толық дозасын алған. 1,1 млн адамға бір дозасы ғана салынған.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы бері әлемде 220 миллионнан астам адам коронавируспен ауырған, 4,5 миллионы қайтыс болған.