06 қыр, 2021 сағат 11:25

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 817 мыңға жетті


Жексенбі, 5 қыркүйекте Қазақстанда 3897 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл сенбі күнгі көрсеткішпен салыстырғанда 671 адамға аз. 

Алматы қаласы бір күнде тіркелетін науқастар саны жөнінен республика бойынша алдыңғы орында қалып отыр. Мұнда өткен тәулікте 1085 адамға Covid жұққаны белгілі болды. Қарағанды облысында – 492, Нұр-Сұлтанда 330 науқас тіркелген. 

Індет басталғалы бері Қазақстанда 816 896 адамға коронавирус жұққан, олардың ПТР-тесті оң көрсеткен. Бірақ бұл статистикаға пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрі – коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. 

4 қыркүйекте Қазақстанда коронавирус инфекциясымен байланысты 91 адам өлімі тіркелген. Ковид 72 адамның өліміне себеп болған, 19 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Бұған қоса, сенбі күні 67 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны белгілі болған. 

Қазір Қазақстанда 93 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. Олардың ішінде 21 074 пациент стационарда, 71 940 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

• 1 491 адамның жағдайы ауыр,

• 425 пациенттің жағдайы өте ауыр,

• 201 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

2020 жылдың наурыз айынан бері елде 9851 адам коронавирустан қайтыс болған. Бұған қоса, 4572 адам коронавирус пневмониясынан (есеп 2020 жылдың 1 тамызынан бері жүргізіліп келеді) көз жұмған. Одан бөлек, арнайы комиссия өліміне "коронавирус емес", "басқа ауру себеп болды" деп танылған мыңнан астам адамның өлімі Covid статистикасына енгізілмеген. Олардың барлығының ПТР-тесті оң шыққан. 

Қазір Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары және 9 облыс "қызыл аймақта" тұр. Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары – "сары аймақта". "Жасыл аймақта" тек Түркістан облысы ғана тұр. 

19 млн халқы бар Қазақстанда 5,6 млн адам вакцинаның толық дозасын алған. 1,2 млн адамға бір дозасы ғана салынған.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы бері әлемде 220 миллионнан астам адам коронавируспен ауырған, 4,5 миллионы қайтыс болған.