Өткен тәулікте 5631 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тест арқылы расталды деп хабарлайды Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі. Бұл - кешегіден 683 адамға аз.
Шілденің соңынан бері тәулігіне мың жарым адам коронавирус жұқтырып келе жатқан Алматыда бүгін де 1505 адамның осы аурумен ауыратыны белгілі болды. Вирус жұқтырғандар жөнінен алдыңғы орында тұрған Қарағанды облысынан өткен тәулікте 860 адам, Нұр-Сұлтан қаласынан 422 адам анықталған.
Ресми мағлұмат бойынша, Қазақстанда коронавируспен ауырғаны лабораторияда расталған 748 851 адам бар. Денсаулық сақтау мининстрлігі базасында тағы да 67,8 мың адам "коронавирус тәрізді пневмониямен ауырғандар" тізімінде тұр.
22 тамыз, жексенбі күні Қазақстанда 97 адам коронавирустан, 23 адам "коронавирус тәрізді пневмониядан" қайтыс болған.
Індет басталғалы Қазақстанда 8512 адам коронавирустан, 4263 "пневмониядан" қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус қосымша диагноз ретінде ғана қойылып, басқа аурудан қайтыс болды деп есептелгендер кірмейді. Бұл статистикаға күмәнмен қарайтындар да бар.
Шілденің соңынан бастап Қазақстанда тәуілігіне алты-жеті мың адам коронавирус жұқтыратыны анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырғандардың күрт көбейгенін тез жұғып, жылдам таралатын дельта-штамның пайда болуымен және халықтың қауіпсіздік сақтамайтынымен байланыстырады.
24 тамыздағы мәлімет бойынша 123 226 адам коронавирус инфекциясынан (117 339 КВИ+ және 5 887 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 28 577 пациент стационарда, 94 649 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жүр.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
1 824 адамның жағдайы ауыр,
555 пациенттің жағдайы өте ауыр,
267 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр
Сондай-ақ, 24 тамыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус вакцинасының I компонентін - 6 413 010, II компонентті 5 070 640 адам салдырған.
Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында, қалада 844 909 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 689 202 адам екінші компонентін салдырған. Екпе алудан екінші орында - Түркістан облысы. Өңірде 721 905 адам коронавирус вакцинасының 1-компонентін, 542 455 адам 2-компонентін егілген. Үшінші орында Алматы облысы - 647 770 адам екпенің бірінші бөлігін алса, 515 560 адам екінші бөлігін қабылдаған.
