Қазақстанда коронавирус тағы 7315 адамнан анықталды. Ауруға осыған дейін шалдыққан 123 адам көз жұмды. Бұл туралы 16 тамызда елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Науқастардың 7217-сі КВИ+ санатынан, яғни олардың вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Ал қалған 98 науқасқа диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған, олардың ПТР тесті теріс шыққан. Оларды КВИ- немесе "ковидтектес пневмония" науқастары деп атайды.
КВИ+ бойынша аймақтар көшін әдеттегідей Алматы қаласы бастап отыр. Онда бір күнде 1503 науқас тіркелген. Қарағанды облысында Covid 1003 адамнан анықталған. Ал шілденің соңында күн сайын 1,5 мыңнан астам науқас тіркелген Нұр-Сұлтанда 943 науқас шыққан.
Қазақстанның эпидемиялық картасында бір ғана Түркістан облысы "жасыл аймақта", қалғаны түгел "қызыл аймақта". Соңғысы аурудың қатты тарап жатқанын білдіреді.
Елде кейінгі күндері күн сайын 7-8 мың науқас анықталып отыр. Билік те, мамандар да мұны коронавирустың "дельта" вариантымен байланыстырады. Алғаш рет Үндістанда тіркелген бұл вариант Қазақстанда маусымның соңында анықталған. "Дельтаның" жұқпалығы жоғары және ол ауыр халге жылдамырақ түсіреді. Бастапқы варианттардың инкубациялық мерзімі екі апта болса, мұныкі бір апта шамасында.
Індет басталғалы КВИ+ санаты бойынша барлығы 694 476 науқас тіркелген. Ресми статистика бойынша, оның 7652-сі қайтыс болған. Билік бұл тізімге коронавирус жұқтырған, бірақ өзге аурудан қайтыс болды деген 2,3 мыңнан астам адамды қоспай отыр.
Үкімет "ковидтектес пневмония" есебін былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түрімен 65 765 науқас тіркелген, 4073 адам қайтыс болған.
16 тамыздағы мәлімет бойынша, елде 120 мыңға жуық адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр.
Олардың арасында 31 910 пациент стационарда, 87 637 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
• 1 937 адамның жағдайы ауыр,
• 507 пациенттің жағдайы өте ауыр,
• 228 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Денсаулық мамандары қазір қолданыста бар вакциналардың "дельтаны" жұқтырудан толық қорғай алмаса да, ауыр халге түсуден қорғайтынын айтады. Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда осы күнге дейін 6,1 миллионға жуық адам бірінші компонентін алып, 4,7 миллион адам екпені толық алған.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, коронавирусты әлем бойынша кемі 207 миллион адам жұқтырған. Оның 4,3 миллионы көз жұмған.
