Фото: istockphoto.com
2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы жалпы жиналыста үш жыл мерзімге сайланып, үй кеңесінің құрамына міндетті түрде кіреді, деп хабарлайды Ult.kz.
Жаңа талаптарға сәйкес, төраға немесе үй кеңесінің мүшесі болу үшін кандидат пәтердің не тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі болуы шарт. Сонымен қатар, меншік иесімен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелері — жұбайы, балалары немесе ата-анасы да үміткер бола алады.
Төраға МИБ мүдделерін соттарда, мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда сенімхатсыз қорғай алады. Егер ол 15 күннен астам уақыт қызметін атқара алмаса, жиналыс шешімімен үй кеңесі уақытша төрағаны сайлайды. Бұл өкілеттік жаңа төраға сайланғанға дейін, бірақ алты айдан аспауға тиіс.
Сондай-ақ, төраға көппәтерлі үйді басқару үшін кәсіби басқарушымен еңбек шартына отыра алады. Басқарушы міндетті түрде ҚР азаматы болып, кәсіби біліктілігін растайтын құжаты болуы керек.
Еңбек шарты бекітілген соң, басқарушы туралы мәлімет тұрғын үй инспекциясына жолданып, кондоминиум нысандарын басқарушылардың бірыңғай тізіліміне енгізіледі.
