14 сәу, 2021 сағат 09:21

Қазақстанда қолайсыз еңбек жағдайында қанша адам жұмыс істейді?

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы зиянды және қолайсыз еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер санын жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің саны туралы ақпаратты алу мақсатында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы экономикалық қызметтің жекелеген түрлеріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарға жыл сайын зерттеу жүргізеді. Зерттеуде ауыл, орман және балық шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және байланыс, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету, ғылым және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар қамтылады», - делінген бюро ақпаратында.

Ведомство мәліметінше, зерттеу нәтижесінде санитарлық-гигиеналық талаптарға (нормаларға) сай келмейтін жағдайларда 366,9 мың адам немесе зерттелген кәсіпорындағы қызметкерлердің жалпы санының 22,3 пайызы жұмыс істейтіндігі анықталған. Оның ішінде шудың және дірілдің жоғары деңгейі жағдайында 169,8 мың адам, ШҰК-дан (шектеулі ұйғарынды концентрациядан) асатын жұмыс аймағындағы ауаның газдануы мен шаңдануы әсерінде – 119,7 мың адам, қолайсыз температуралық режимде – 62,2 мың адам, басқа қолайсыз факторларда – 15,2 мың адам еңбекеткен. Ауыр дене еңбегімен шұғылданатын қызметкерлер саны - 94,3 мың адам.

2020 жылы кәсіпорындар (ұйымдар) зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларындағы жұмысы үшін өтемақылар мен жеңілдіктерге 141 545,8 млн теңге жұмсады. Қосымша демалыс (жеңілдіктің түрі) 520,6 мың адамға берілді. Зиянды және және басқа да қолайсыз еңбек жағдайына әртүрлі материалдық қосымша төлемдерді 392,1 мың адам пайдаланды. 322,9 мың адам сүт немесе тең бағалы тағам өнімдерін тегін алды. 79,8 мың адам тегін емдік-профилактикалық тамақтанумен қамтамасыз етілді. Ал 47,1 мың адам қысқартылған жұмыс күні режимінде жұмыс істеді.