14 қаз, 2021 сағат 09:15

Қазақстанда кейінгі тәулікте қанша адамнан COVID-19 анықталды?


Кеше, 13 қазанда Қазақстанда 1985 адамның коронавирус тесті оң шықты. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 268 адамға көп. Сәрсенбі күні 1895 адам Covid-тен айықты.

Бір күнде тіркелген науқастардың үштен бір бөлігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына келеді. Өткен тәулікте Алматыда – 350, Нұр-Сұлтанда 270 адамнан коронавирус анықталған. Қарағанды облысында – 163, Павлодар облысында – 154, Алматы облысында – 142, Шығыс Қазақстан облысында – 135, Ақмола облысында 120 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Ең төмен көрсеткіш Маңғыстау облысында(7) тіркелген. 

Індет басталғалы бері Қазақстанда 910 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. 852 мыңы айыққан. 11 644-і қайтыс болған. 12 қазанда коронавирустан 31 науқас көз жұмған.


Пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың қысымының нәтижесінде 2020 жылдың 1 тамызынан бастап есепке ала бастаған.

Содан бері ресми мәлімет бойынша, 77 мыңнан астам адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 12 қазанда бұл диагноз тағы 99 адамға қойылды. 2020 жылдың 1 тамызынан бері "ковидтектес пневмония" 4939 науқас өліміне себепші болған. 8-і екі күн бұрын көз жұмған.

Одан бөлек, коронавирус жұқтырғаны расталған 3123 адамның өлімі коронавирустан қайтыс болғандардың статистикасына кірмей қалған.

Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Павдодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары "қызыл аймақта" тұр. "Жасыл аймақта" Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары тұр. Қалғаны "сары аймақта".

Қазір республика бойынша 53 мыңға жуық науқас коронавирустан емделіп жатыр. 9,1 мың науқас стационарда жатыр.

Қазір 7 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 900 мың адам екінші дозасын күтіп отыр.

Қазір Қазақстанда 18 бен 65 жас аралығындағы адамдарға ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), қазақстандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге тағы бір қытайлық Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі салынып жатыр.

Бір күн бұрын денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде ревакцинация қарашаның соңында басталады, елде коронавирустың үшінші дозасын биыл алуы тиіс 600 мың адам бар деп мәлімдеген.