Фото: ҚР ДСМ
2025 жылы Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан жасалған трансплантация көрсеткіші айтарлықтай өсіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе көбейді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіндегі аппараттық кеңесте Республикалық трансплантаттауды үйлестіру орталығының басшысы Айдар Ситқазинов мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 10 айында қайтыс болғаннан кейінгі актуалды донорлар саны 6-дан 16-ға дейін екі есеге жуық артқан. Сонымен қатар eGov.kz порталында азаматтардың ағза донорлығына келісім беру көрсеткіші 27%-ға өсіп, келісім үлесі 63%-ға жеткен.
Министрлік мәліметінше, 2024 жылмен салыстырғанда:
• қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан жасалатын операциялар саны – 2 есе,
• тірі донорлардан жасалатын трансплантация – 2,5%-ға артқан.
Көрсеткіштердің жақсаруына елдегі инфрақұрылымның кеңеюі әсер еткен: былтыр 7 орталық жұмыс істесе, бүгінде трансплантация жасайтын 11 орталық бар.
Қазір елімізде 4521 адам ағза ауыстыруды күтуде. Күту тізіміндегі науқастар арасындағы өлім-жітім 4,6%-ға төмендеген. Донорлық белсенділік ең жоғары өңірлер: Алматы және Астана қалалары, Павлодар, ШҚО, СҚО, Алматы, Жамбыл және БҚО.
Салада кадр даярлауы жалғасуда: отандық дәрігерлердің шетелдік білім бағдарламалары кеңейіп, Испания, Түркия және Беларусьпен ынтымақтастық нығайған.
Кеңес қорытындысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерде трансплантация бағытындағы мониторингті күшейтуді, шұғыл тасымалдауды қамтамасыз етуді, цифрлық шешімдерді енгізуді және қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты насихаттауға басымдық беруді тапсырды.
