01 қаз, 2021 сағат 11:26

Қазақстанда қарттарды қолдауға арналған қандай әлеуметтік көмек түрлері бар?


Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі егде жастағы жандарға көрсетілетін әлеуметтік көмек тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ведомствоға сілтеме жасап.

«Биыл жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт адамдарды әлеуметтік қолдауға 11,9 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттен – 11,5 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,5 млрд теңге)», - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, министрлік Үкімет тарапынан қарттарға қандай әлеуметтік көмек қарастырылғанын және оған қанша қаржы бөлінгенін тізбектеп берді. 

- Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне біржолғы материалдық көмекке – 6,4 млрд теңге (шамамен 115,8 мың адам); 

- азық-түлік жиынтығын ұсынуға - 145,5 млн теңге (31,6 мың адам); 

- жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге - 46,6 млн теңге (4 мың адам); 

- тіс протездеуге - 229 млн теңге (2,5 мың адам); 

- санаторлық-курорттық емдеуді ұсынуға – 1 млрд 247,8 млн теңге (24,1 мың адам); 

- тұрғын үйді жөндеуге – 39,9 млн теңге (517 адам); 

- отынмен қамтамасыз етуге – 286,5 млн теңге (10,5 мың адам);; 

- жалпы пайдаланымдағы көлікте жеңілдікпен жол жүруге – 878,0 млн. теңге (8 мың адам); 

- көмектің басқа түрлеріне – 2 млрд 667,8 млн теңге (182,5 мың адам). 

Одан бөлек, аталған ведомствоның мәліметінше, бүгін елімізде қарттар күніне орай айлық басталды. 

Оның аясында, барлық өңірлерде аға буын өкілдерін әлеуметтік қолдауға бағытталған іс-шаралар, еңбек ұжымдарымен кездесу, емханаларда «Ашық есік» күндерін ұйымдастыру тағы сол сияқты шаралар өткізіледі.