Халықаралық табиғатты қорғау одағы Қазақстандағы қарақұйрықты сақтап қалу бойынша Қазақстанның биоалуандылығын сақтау қауымдастығының ұсынысына қолдау білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл жаңалықты Facebook парақшасында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет бөлісті.
Оның хабарлауынша, кейінгі он жылда қазақ даласында қарақұйрықтың саны 90 пайызға азайып кеткен. Мұндағы басты себеп – браконьерлік пен қарақұйрықтар үшін тұрғылықты мекеннің тарылып кетуі.
Жоба аясында далалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, спутниктік таратқыш арқылы қарақұйрықтарды таңбалап, жергілікті халықпен жұмыс жүргізу көзделген. Сонымен қатар Қазақстан мен Түрікменстан шекарасындағы қоршаулардың қарақұйрықтардың тіршілігіне қалай әсер ететінін анықтау көзделген. Зерттеу жұмыстары 2021 жылға дейін созылады.
«Жоба Орталық Азия аймағы бойынша 2019 жылы IUCN Save Our Species бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында іске асырылғалы отыр. Жабайы аңдардың көше тіршілік ететін түрлерін сақтау бойынша конвенция Бонн конвенциясы (CMS) ретінде танымал», - дейді Сәкен Ділдахмет.
Айта кетерлігі қарақұйрық – қарақұйрық тұқымының ашатұяқты түрі. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде мекен етеді. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Халықаралық қызыл тізімде «Қауіп төнген» мәртебесіне ие. 2015 жылғы мәлімет бойынша кезінде 200 мың болған қарақұйрықтың бұл күнде 13-15 мыңы ғана қалған.