17 қар, 2021 сағат 15:05

Қазақстанда қанша бала вакцина салдырды?


Қазақстанда 3 300 бала Pfizer вакцинасын салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният және Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова балалар вакцинациясын бақылау үшін елордалық мектепке барды. 

«Елімізде коронавирус балалар вакцинациясы басталды. Вакциналау екі жерде – мектептерде және емханаларда жүргізіледі. Ол ата-аналардың қалауымен шешіледі. Бүгінгі таңда ел бойынша 3 300 бала вакцина алып үлгерді. Дәрігерлермен де кездесіп жатырмыз, барлық облыстық денсаулық сақтау басқармаларымен сөйлесіп отырмыз. Балаларға қатты жанама әсер болған жоқ», - деді Ажар Ғиният тілшілерге берген сұхбатында. 

Вице-министр бұл жұмыстың жоспарлы, жүйелі түрде, ата-аналар келісімімен, дәрігерлердің рұқсатымен жүргізілетінін еске салды. 

«Балалар мен қатар жүкті әйелдер, емізулі әйелдер сияқты коронавирустан сақтау бойынша қатерлі топтарымыз бар, сондықтан олар Pfizer вакцинасын алады», - деді Ғиният. 

Айта кетейік, елімізге Pfizer вакцинасының 379 мың дозасы жеткізілді.

«Министрлік Pfizer компаниясының Comirnaty (Pfizer) вакцинасының 4 млн 230 мың дозасын вакцина сатып алды. Бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Республикаға 379 мың доза көлемінде бірінші партиясы жеткізілді. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакцинациялау үшін ұсынады», - деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.