Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда эпидемия шарықтау шегіне жетпегенін жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Кейінгі төрт күнде коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайларының бәсеңдегенін байқаймыз. Әйтсе де Қазақстанда эпидемия шарықтау шегіне жетпегенін айта кету керек. Карантин шараларының арқасында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында вирусты жұқтырғандар саны тоқтап қалды. Бірақ басқа өңірлерде эпидемияның белең алып бара жатқаны байқалады. Шамамен Қазақстанда эпидемияның шырқау шегі – бір-екі аптаның ішінде болады деген болжам жасалып отыр», - деді Ботагөз Жақселекова онлайн режимде ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша коронавирусты анықтау бойынша адамдар тобы да белгіленгенін атап өтті.
«Олар - кейінгі екі айда суық тиіп, ауырған адамдар. Тест оларда коронавирустың бар-жоғын анықтап береді. Бірақ қазіргі уақытта коронавируспен ауыратын адамдарға экспрес-тесттердің белгілі бір дәрежеде зиян екенін айта кету керек. Егер адамның ағзасында антидене болмаса тест оны көрсетеді», - деді ол.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 802 науқас бар. Ведомство өкілінің айтуынша, 137 адамға вирус басқа елден жұққан. 539 адам вирус жұққан науқаспен араласып, дертке шалдыққан. 126 адамнан пневмония, жедел респираторлық вирус инфекциясы белгілері байқалып, анализ тапсырған кезде коронавирус табылған.
Қазір 712-і инфекциялық ауруханада емделіп жатыр. Бір адамның жағдайы - өте ауыр (Алматы). 17 адамның жағдайы - ауыр, 107-інікі - орташа ауыр. 80 пайызының жағдайы жақсы.
Науқастармен байланыста болған 23 мыңнан астам анықталған. 90 пайызы табылып, оқшауланған.
Қазақстанда коронавируспен күрес шараларына үкімет резервінен 17 млрд теңге бөлінген. Министрліктің айтуынша, бұл қаражат дәрі-дәрмек, қорғаныш киім, құрал-жабдықтарын сатып алу, науқастарды тасымалдау, тест шығару, тест сатып алу, дезинфекция жұмыстарын жүргізу және өзге де шараларға жұмсалған.