Ағымдағы жылдың маусым айында Назарбаев Университетінде «Exploring the Energetic Universe 2019» екінші халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды Назарбаев университетінің ресми сайты.
Онда Қазақстанда жаңа жоғары жылдамдықты телескоптың іске қосылғаны туралы хабарланған. Ғалымдар NUTTellA-TAO (Nazarbayev University Transient Telescope at Assy-Turgen Observatory) атауын алған жаңа аспапты жинақтауды аяқтап, алдын ала сынақтан өткізді.
Алдағы уақытта Ассы-Түрген обсерваториясында (Алматы облысы) орнатылған жаңа телескоптың көмегімен Назарбаев Университетінің (НУ) Энергетикалық ғарыш зертханасының ғалымдары ғарыштық гамма-қалқымаларды зерттейтін болады. Аспаптың жылдамдығы әлемдегі ең үлкен ғарыштық жарылыстардың оптикалық сәуле шығару спектрін өлшеуге мүмкіндік береді. Телескоп Нобель лауреаты және НУ Энергетикалық ғарыш зертханасының жетекшісі профессор Джордж Смут командасының мүшесі, энергетикалық ғарыш зертханасының эксперименттік тобының басшысы, профессор Брюс Гроссанның басшылығымен әзірлеушілер командасы тарапынан құрылды.
«Nuttella-TAO гамма-қалқымаларды санаулы секундта өлшеуді бастауға мүмкіндік беретін инновациялық телескоп деп атауға болады. Оның көмегімен біз SWIFT спутнигі сияқты ғарышта сезімтал аспаптармен сәйкестендірілген гамма-қалқымаларға жауап бере аламыз және оларды өлшей аламыз. Спектр нысанын өлшеу электромагниттік спектрдің ең қатты бөлігінде алыс галактикаларда бақылауға болатын ғаламда болып жатқан ең жарқын электромагниттік оқиғалардың механизмін түсінуге мүмкіндік береді. Типтік гамма-қалқыманың ұзақтығы бірнеше секундтан 100 секундқа дейін жетеді», – деп хабарлады НУ Энергетикалық ғарыш зертханасының жобалық тобының зерттеушісі Жанат Мақсұт.