29 қаң, 2018 сағат 15:25

Қазақстанда діни білімді шетелде алуға шектеулер қойылады

Діни білімді шетелде алуға қатысты Қазақстанда тиісті шектеулер енгізіледі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын таныстыру барысында белгілі болды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Біз үшін маңызды мәселелердің бірі, діни білімді беруді және діни уағыз-насихатты міндетті түрде діни бірлестіктен алған құқығы бар азаматтар, яғни білікті мамандар ғана жүргізуі қажет деген ұстанымды қолдаймыз. Ол - аса маңызды. Өйткені елімізде заңнамаларды негізге ала отырып, жұмыс істейтін 2600-ден астам мешітіміз, сондай- ақ ондаған білім беретін оқу орындар бар. Осыған сәйкес, білікті адамдар да баршылық», - деді Қазақстанның Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз Мәжілісте тілшілерге берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, діни білімді жетік білмеген адамдар өз көзқарасын айтып, насихатқа кірісіп немесе теріс ағым мүшелерінің кейбір пәтерлерде топ құрып, сол жерлерде дәріс өткізіп жатқан тұстарына осы заң жобасында тиісті шешім қарастырылған.

«Ел азаматтары діни білімді өзіміздің отандық оқу орындарында алғаннан соң, яғни түбегейлі білімін қалыптастырғаннан кейін ғана біліктілігін жетілдіру мақсатында шетелдегі басқа оқу орындарына жолдама ала алады деген ұсыныс орынды», - деп ойын білдірді Бас мүфти.

Өз кезегінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстанда базалық діни білім алмағандарға діни білімді шетелге барып оқуына шектеу енгізу көзделіп отырғандығын нақтылады.