27 қыр, 2021 сағат 10:34

Қазақстанда Covid көрсеткіштері маусымдағы деңгейге дейін төмендеді


Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 26 қыркүйек күні 1878 адамның ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен. Одан бір күн бұрын 32 адамға "ковидтектес пневмония" диагнозы қойылған. Сол күні коронавирустан тағы 35 адамның қайтыс болғаны мәлім болған. Бірақ алдыңғы күндермен және айлармен салыстырғанда коронавирус көрсеткіштерінің төмендегені байқалады. Күнделікті науқас саны маусымның соңынан бері 2 мыңнан төмен түспеген.

Маусымның соңында Қазақстанда коронавирустың "дельта" варианты тіркеліп, содан бері күнделікті анықталатын науқас саны мен өлім көрсеткіші күрт артты. Тамыздың алғашқы жартысында шарықтау шегіне жетіп, күніне шамамен 8 мың науқас, 150 өлім тіркеліп жүрді. Бірақ кейінгі айда індеттің беті қайтып, аурудың тарауы тежеле бастады.

26 қыркүйектің дерегінше, бұрынғыша Алматы қаласы аймақтар көшін бастап тұр. Онда коронавируспен бір күнде 485 науқас тіркелген. Одан кейінгі орындарда Нұр-Сұлтан (186 науқас), Қарағанды (184 науқас), Павлодар (164 науқас) және Алматы (162) облыстары тұр.

Елде індет басталғалы барлығы 878 990 мың адамның анализінен коронавирус инфекциясы анықталған. Оның ішінде 11 065 адам қайтыс болған. Былтыр 1 тамыздан бері саналып келе жатқан "ковидтектес пневмониямен" осыған дейін 75 305 адам тіркелген. Оның 4,8 мыңы қайтыс болған.


27 қыркүйектегі мәлімет бойынша еле 63 845 адам коронавирус инфекциясынан (55 042 КВИ+ және 8 803 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде: 11 543 пациент стационарда, 52 302 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.


КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:


895 адамның жағдайы ауыр,


222 пациенттің жағдайы өте ауыр,


142 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.