27 қаң, 2020 сағат 10:25

Қазақстанда бірнеше әкімнің үстінен іс қозғалды

Түркістан және Алматы облыстарында ауыл әкімдері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді, – деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қаңтар айында еліміздің бірқатар өңірінде аудан және ауыл әкімдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады.

Түркістан облысында Кентау қаласы Ескі Иқан ауылдық округінің әкіміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оған жер учаскесінің ахуалдық схемасына қол қойғаны үшін жеке кәсіпкерден 2 миллион теңге пара алды деген айып тағылды. Бұған дейін келісілген пара сомасы 4 миллион 150 мың теңге екен.

Әкім кінәсін мойындап, жедел тергеу жүргізуді өтінді.

Сонымен қатар, Алматы облысында Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің бұрынғы әкімі мен әкімдіктің лауазымды тұлғалары күдікке ілінді. Жемқорлыққа қарсы қызмет олардың Жаңадәуір ауылындағы 10 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын шаруа қожалығынан жеке қосалқы шаруашылыққа заңсыз өзгертуге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Ал Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі шипажай, су қорғау аймақтары мен ирригациялық желілерде жер учаскелерін бөлу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталуда. 24 қаңтарда күдіктіге қатысты қамауда ұстау шарасы санкцияланды.