18 сәу, 2021 сағат 08:10

Қазақстанда бір күнде үш мыңға жуық адамнан коронавирус анықталды

Коронавирус екпесін салдыруға келгендер кезегін күтіп отыр. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.

Қазақстанда 17 сәуір күні Covid инфекциясын жұқтырғаны ПТР әдісімен расталған 2828 адам тіркелді. Оның жартысына жуығы - Алматы мен Нұр-Сұлтан үлесінде.

Індеттің тарауы жөнінен алда келе жатқан Алматы қаласында коронавируспен бір күнде 677 адам тіркелген. Бұл – алдыңғы күндердегімен шамалас көрсеткіш. Қалада күнделікті анықталатын науқас саны бойынша рекорд 8 сәуір күні орнаған. Сол күні қалада 717 науқас шыққан. Осылайша, Алматыда Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған адамдардың жалпы саны 45,5 мыңнан асып отыр.

Іргелес жатқан Алматы облысында 248 науқас шыққан. Бұл – тәулік көрсеткіші бойынша аймақтар арасындағы үшінші нәтиже. Облыста кейінгі күндері тәулік сайын ондаған адам коронавирус пневмониясымен (КВИ-) тіркеліп жүр.

Нұр-Сұлтанда бір күнде 636 науқас тіркелген. Елордада осымен төрт күн қатарынан тәулік сайын 600-ден астам науқас анықталып отыр. Қалада індет басталғалы барлығы 39 мыңнан астам адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған.

18 сәуірдегі жағдайы бойынша, Қазақстанда 37 749 адам короновирус инфекциясынан (37 294 КВИ+ және 455 КВИ-) емделіп жатыр.

Олардың ішінде 13 526 пациент - стационарда, 24 223 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

• 671 адамның жағдайы ауыр;

• 171 пациенттің жағдайы өте ауыр;

• 109 науқас жасанды тыныс алу аппаратында жатыр.

Коронавирустан бір күнде 1806 адам емделіп шыққан.

Қазақстанда осылайша, вирус жұқтырғаны расталғандардың жалпы саны 287 мыңнан асып отыр. Оның 246 мыңнан астамы жазылып үлгерген.

Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап Covid жұқтырғаны ПТР әдісімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. 1 тамыз бен 15 сәуір аралығында пневмонияның бұл түрімен барлығы 51 763 адам тіркелген. Оның 748-і қайтыс болған.

Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, әлемде коронавируспен барлығы 140 миллионнан астам адам тіркелген. Оның 80 миллионы жазылған, 3 миллионы қайтыс болған.

Қазақстанда анықталған науқас саны (толық дерек):

  • Алматы қаласында - 45586 (+677),
  • Нұр-Сұлтан қаласында - 39332 (+636),
  • Шығыс Қазақстан облысында - 23801 (+105),
  • Атырау облысында - 20585 (+127),
  • Қарағанды облысында - 20519 (+210),
  • Павлодар облысында - 19781 (+37),
  • Батыс Қазақстан облысында – 17065 (+109),
  • Ақмола облысында – 16762 (+102),
  • Алматы облысында - 18304 (+243),
  • Қостанай облысында - 14365 (+29),
  • Солтүстік Қазақстан облысында - 13579 (+45),
  • Шымкент қаласында - 8181 (+126),
  • Ақтөбе облысында - 7484 (+200),
  • Жамбыл облысында - 7041 (+43),
  • Маңғыстау облысында - 4962 (+33),
  • Түркістан облысында - 4891 (+48),
  • Қызылорда облысында - 4763 (+58).