06 қаз, 2021 сағат 10:01

Қазақстанда бір күнде 2 мыңнан астам адамнан коронавирус пен "пневмония" анықталды


Кеше, 5 қазанда Қазақстанда 1828 адамның коронавирус тесті оң көрсетті. Денсаулық сақтау саласының мамандары кейінгі апталарда індет бәсеңдегенін айтады. Қазір күніне 2 мыңға дейін науқас тіркеліп жүр. 

Сейсенбі күні Алматы қаласында 419 науқастан Covid анықталған. Нұр-Сұлтанда 290 адам коронавирусқа шалдыққан. Қалған қалалар мен облыстарда 200-ден аз науқас тіркелген. 

Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары "қызыл аймақта" тұр. Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары – "жасыл аймақта". Қалғаны "сары аймақта". 

2020 жылдың наурыз айынан бері 896 мың адамның ПТР тесті оң шыққан. Басым бөлігі жазылған. 11 389-ы қайтыс болған. 4 қазанда 39 адам қайтыс болған.

Қазақстанда пневмонияға коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққандар 2020 жылдың тамыз айынан бері есепке алына бастады. Содан бері 76 мың науқас тіркелген. 63 мыңы жазылған. 4875-і қайтыс болған. 4 қазанда 7 адам көз жұмған. 235 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.

Қазір республика бойынша 56 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 9,5 мыңы стационарда жатыр. 748 адамның жағдайы ауыр. 202 науқастың хәлі мүшкіл. 125 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

6,7 млн адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасы салынған. 1 млн адам екінші дозасын күтіп отыр.