08 жел, 2023 сағат 19:18

Қазақстанда ауыз су тапшылығы болмайды — министрлік

Фото: bakertilly.ua

Жыл сайын Қазақстан аумағында 102,3 текше шақырым су қоры жиналады. Оның ішінде 1,2 текше шақырымы, яғни, жалпы су көлемінің 1%-дан астамы тұрғындарды ауыз сумен қамтуға жұмсалады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Пономаревпен диалог барысында Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы туралы айтты.

Экономиканың қажеттілігі үшін жылдық су тұтыну шамамен 25 текше шақырымды құрайды.

Оның 65 пайызы — ауыл шаруашылықтың, 25 пайызы — өнеркәсіп қажеттіліктеріне бағытталады.

«Сол себепті қазақстандықтар ауыз судан тарығады деп айтуға болмайды. Барлық нормативтік құжаттарда, Су кодексінде ең бірінші орында азаматтарымызды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Біз алдағы 2 жылда еліміздің барлық өңірін орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Қандай табиғи жағдай болмасын, климат өзгерісі немесе трансшекаралық су ресурстарының азаюы ауыз су тапшылығына әкелмейді. Себебі тұрғындарға қажетті ауыз су көлемі жалпы су қорының 1%-ын ғана құрайды», — деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.