Төтенше жағдайға байланысты әскери қызметке шақыру тоқтатылды. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қорғаныс министрлігінің жаңалығын ерекше атап өткім келеді. Төтенше жағдайдың енгзілуіне байланысты 2019 жылы көктемде шақырылған азаматтарды әскери қызметтен босату тоқтатылады. Сол сияқты әскери қызметке шақыру да уақытша тоқтатылады", - деді Абаев бүгінгі брифингте.
Айта кетейік, 16 наурызда коронавирусқа байланысты Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланған болатын. Ал 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин енгізілді.
Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда коронавирус дертіне шалдыққандар саны 68 адамға жетті. Оның 35-і Нұр-Сұлтанда, 29-ы Алматыда, 2-і Қарағандыда, 1-і Алматы облысында және 1 жағдай Ақтөбе облысында тіркелген.