03 нау, 2020 сағат 11:48

Қазақстанда «ашық аспан» режимі бар қалалар тізімі кеңейтілмек

Қазақстанда «ашық аспан» режимі бар қалалар тізімі кеңейтіледі. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет басшысының атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың 1 қарашасынан Қазақстанның 11 әуежайында, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз Петропавл және Семей қалаларында рейстердің саны бойынша шектеулерді алып тасталды және қазақстандық тасымалдаушылар жүзеге асырмайтын бағыттар бойынша шетелдік авиакомпанияларға 5 дәрежелі «ауа еркіндігін» ұсынуды көздейтін «ашық аспан» режимі енгізіледі. Бұл режимнің қолданыс мерзімі 3 жылды құрайды және ұзартылуы да мүмкін.

«Бірінші кезеңнің қорытындысын ескере отырып, қалалар тізілімін кеңейту және 5 дәрежелі «ауа еркіндігі» бойынша барлық шектеулерді алып тастау жоспарланып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанға рейстер орындауға мүдделік танытатын кез келген шетелдік авиакомпанияға Атырау қаласында тұрақты халықаралық рейстер орындауға арналған қосымша құқықтар ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын», - деп атап өтеді Премьер-Министр.