Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қабылданған жаңа Экологиялық кодекке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған құжат Сенаттың жалпы отырысында екі оқылымда қаралып, қабылданды.
«Біз бүгін Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын және онымен қоса үш ілеспе заң жобасын қарадық. Олардың ел дамуындағы маңызы зор. Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының жобасы Мемлекет басшысы тапсырмасымен қолға алынды. Бұл құжат Парламентта жан-жақты талқыланды. Соның нәтижесінде бірқатар басымдықтарға ерекше мән берілді. Ең алдымен, озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, «ластаушы төлейді және түзейді» деген қағида енгізілді. Яғни, кәсіпорын экологияға келтірген зардабы үшін міндетті түрде өтемақы төлейтін болады. Ал қазір олар айыппұлдарын төлеп, әрі қарай табиғатты ластауын тоқтатпай келеді», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары үшін бюджет қаражатының кепілдендірілген көлемі белгіленеді. Ол бюджетке түсетін эмиссия үшін төленетін төлемнің 100 пайызынан кем болмауы тиіс. Мұнымен қоса, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілік қатаңдатылады. Сенаторлар тиісті нормаларды жан-жақты пысықтап, заң жобасына енгізді. Соған сәйкес ағаштарды кескені үшін салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 5 есеге көбейтіледі. Мұндай құқық бұзушылық қайталанған жағдайда немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ағаштарды кескені үшін жеке тұлғаларға 150 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 450 АЕК, ірі кәсіпорындарға 1500 АЕК-ке дейін айппұл салынады», - деді Сенат төрағасы.
Оның айтуынша, келтірілген шығын 100 АЕК-тен асып кетсе, онда заң бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Соған байланысты дүние мүлкін тәркілей отырып, айыппұл салу немесе түзету және қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ қамауға алу жазалары қарастырылған.
«Заң күшіне енгеннен кейін өкілетті орган осы және басқа нормаларды түсіндіру жұмыстарын сапалы ұйымдастырып, олардың іске асырылуын қамтамасыз етуі керек. Жалпы, Экологиялық кодекс және оған ілеспе заң жобалары қоршаған ортаны қорғау ісінде елімізде жаңа кезеңді ашады деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, жалпы отырыста сенаторлар толықтырған ілеспе заң жобалары Мәжіліске қайтарылды.
Бүгін Сенат депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Заңына экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын қабылдады.
Еске сала кетсек, 23 қарашада түнде Алматыда сауда үйінің жанындағы жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді.
«Қазір аудан әкімдігі мен полиция департаменті кесілген ағаштардың тұқымы мен сапасын анықтау үшін оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Айыпты тұлғалар анықталған соң Полиция Департаменті оларды жауапкершілікке тартады. Толығырақ ақпаратты анықтау жұмыстары аяқталған соң жариялаймыз», - деп мәлім етті қала әкімдігі.
Кейін Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды.
Мемлекет басшысы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.
24 қараша күні қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәселені өз бақылауына алғанын мәлім етті.
Бүгінде Алматы прокуратурасы заңсыз ағаш кесу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.