«Даму» қорының қолдауымен былтыр елімізде 5 трлн 650 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева осындай көрсеткішті келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жылы қазақстандықтардың кәсіпкерлік әлеуетін дамытып, бизнес ашуына көп көңіл бөлінді. Әлемдік экономикада дәл осы кезде шағын және орта бизнес –экономиканың қозғаушы күші болып, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етіп отыр. 2019 жылы Үкімет қарапайым заттар экономикасына қатысты басымдық берген жобаларды несиелеуге арналған бағдарламаны іске қосты. «Бизнестің Жол картасы 2025» бағдарламасы бекітілді. Бизнесті дамытуға сеп болатын бірқатар мемлекеттік бағдарлама жетілдірілді. «Даму» қоры жоғарыда аталған бағдардамаларды жүзеге асыруда негізгі қаржылық оператор қызметін атқарады», - деді Гаухар Бөрібаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
«Даму» қорының басқарма төрағасы өз сөзінде 2019 жылдағы жұмыс қорытындысына тоқталды.
««Даму» қоры микро, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауды көздейтін негізгі ұлттық институт. Біз 4 құрал ұсынамыз. Олар: жеңілдікпен несие беру, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиеге кепілдік беру, онлайн оқыту мен клиенттерді қаржы институтына дейін сүйемелдеу. Осы айтылған бағыттар бағыттар қолға алынғалы бері «Даму» қоры 5,3 трлн теңгеге 85 мың жобаны қолдаған», - деді ол.
Гаухар Бөрібаева былтыр «Даму» қорының клиенттерді қолдауының арқасында 5 трлн 650 млрд теңгенің өнімі шығарылғанын, бюджетке 457 млрд теңге салық төленін, 9 мыңға тарта жұмыс орны ашылғанын айтады.