Ауыл шаруашылығы министрлігі бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр Сапархан Омаровтың айтуынша, өткен екі жылдың ішінде республика бойынша мақсатты түрде пайдаланылмай жатқан 7,6 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері бар екені анықталған. Соның ішінде 2 миллион гектар егістік пен 5,5 миллион гектар жайылым бар.
"Қабылданған шаралардың арқасында 2,0 миллион гектарды жер учаскелерінің бұрынғы иелері мен жер пайдаланушылары игере бастады. Ал 3,7 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның ішінде 3,0 миллион гектар ауыл шаруашылығы айналымына тартылды және 0,7 миллион гектарды бүгінгі күні ауыл шаруашылығына тарту жұмыстары жүргізілуде", - деді Омаров есеп беру кездесуі кезінде.
Министрдің сөзіне қарағанда, қалған 1,9 миллион гектар жер бойынша жергілікті атқарушы органдар белгіленген тәртіппен мемлекет меншігіне қайтару шараларын атқарып жатыр.
"Жерді пайдалануды бақылау шаралары түбегейлі өзгереді. Енді тексерістер жиі жүргізіледі. Әйтпесе, бұрын бес жылда бір рет қана тексеріс жасалды. Ондайда иелері үш жыл бойы жерді пайдаланбай жатады, соңғы екі жылда игеріп, жұмыс істегендей болады", - деп атап көрсетті Омаров.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың сәуірінде парламент жер дауынан кейін әзірленген заңды қабылдаған болатын. Заңға сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға берудің жаңа әрі арнайы тәртібі қарастырылып отыр. Жер учаскелері конкурсқа қойылатын жерлер тізбесіне сәйкес беріледі.
Жерлерді тиімді пайдалану үшін талаптар күшейтілмек. Осы мақсатта заң жобасында тұрақты мониторинг жүргізу көзделген. Жалдау уақытының алғашқы 5 жылында – жыл сайын, одан кейінгі кезеңдерде суармалы егістікте – 3 жыл сайын, тәлімді жерлерде – 5 жыл сайын жүргізілетін болады. Жалдау шартындағы міндеттердің бірі орындалмағаны анықталған жағдайда келісімшартты өкілетті орган бір жақты бұзуға құқылы.