04 қаз, 2022 сағат 12:39

Қазақстанда 70 мыңға жуық ресейлік ЖСН алған

© Sputnik / Абзал Калиев

Көрші елде ішінара мобилизация жарияланған сәттен бастап Қазақстанға келген 70 мыңға жуық ресейлік Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан жеке сәйкестендіру нөмірін алған.

Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды  Sputnik Қазақстан.

"21 қыркүйектен бастап 70 мыңға жуық ресейлік шетелдіктерге берілетін ЖСН алды", - деді Мусин Үкімет кулуарында.

Министр шетелдіктерге ЖСН неге берілетінін түсіндірді.

"ЖСН тек банк картасын алу үшін ғана қажет емес. Біздің еліміз үшін олардың елге келгенін және жасаған заңбұзушылықтарын тіркеу маңызды. Сол себепті ЖСН – нөмір беру және бүкіл мәлімет базасында тіркеу. Біздің міндетіміз – оларды бақылауға мүмкіндік жасау", - деді ведомство басшысы.

ІІМ басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, соңғы екі аптада Қазақстанға 200 мыңға жуық ресейлік кіріп, 148 мыңы елден шыққан. Соңғы күндері ресейліктер ағыны төмендеген.