23 мам, 2022 сағат 20:15

Қазақстанда 600 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр


Бүгінгі күнде елімізде тұрғын үй кезегінде 600 мыңнан астам азамат тұр. Оның 215 мыңы көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар сияқты әлеуметтік әлжуаз топтарға жатады, деп хабарлайды ИИДМ баспасөз қызметі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, тұрғын үй кезегінде тұрған 70 мың азаматтың кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейін құрайтындығы анықталды. Азаматтардың бұл санатының олардың мүмкіндіктерінің шектеулілігіне байланысты тұрғын үй мәселесін шешу қажеттігі өткір тұр.

Ал қалған азаматтарға олардың қаржылық мүмкіндігіне орай жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары қарастырылған.

Азаматтардың жекелеген санаттарының тұрғын үй мәселесін шешуді жеделдету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалдау төлемақысын төлеу механизмі енгізілді. 

Халықтың тұрмысы төмен топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субсидиялаудың жаңа тетігі келесідей принциптер бойынша жүзеге асады: 

- жалға алынған тұрғын үй бағасының 50 пайызы бюджет қаражаты есебінен төленеді;

- 50 пайызын төлем алушы өз есебінен төлейді.

Азаматтың тұрғын үйге мұқтаждар есебінде болуын және тиісті мәртебесінің болуын «Отбасы банк» АҚ мемлекеттік деректер базасы арқылы айқындайды. Өтінім қабылдау 18 сәуірден басталды. Тұрғын үйді жалдау ақысын төлеу механизмі туралы, соның ішінде өтінім беру процесі жайлы толығырақ «Отбасы банкінің» ресми сайтынан білуге болады. Сілтемесі: https://hcsbk.kz/ru/.