Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелері, ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын қалыптастыру тәсілдері, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру және ҚР биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру және медициналық ұйымдарға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу мәселелері талқыланды.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой атап өткендей, елдің денсаулық сақтау жүйесі КВИ пандемиясына байланысты туындаған сын-қатерлерге екінші жыл қарсы тұруда.
Қабылданған шаралар елдегі эпидемиологиялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді. Республикада халықты КВИ-ға қарсы вакцинация ұйымдастыру және жүргізу бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурстары жұмылдырылды.
«Эпидемияға қарсы іс-шараларға 49 705 медицина қызметкері, резервке 9 100 медицина қызметкері жұмылдырылды. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша біліктілікті арттыру 11 мың 800 маманмен қамтамасыз етілді. Өңірлерге 4 641 жас маман бөлінді. 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы: дәрігерлерге 30%-ға, орта медицина қызметкерлеріне 20%-ға өсті. Халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақындату үшін мобильді медицина белсенді түрде енгізілуде. 2021 жылдың соңына дейін жылжымалы медициналық кешендердің күшімен 2,6 млн адамды қамту жоспарланып отыр», - деді А. Цой.

Электрондық денсаулық сақтауды дамыту шеңберінде бірқатар шешімдер іске асырылды.
Соның арқасында қан алуды ресімдеу уақыты 2,5 есе, учаскелік дәрігерге және тар мамандарға жазылу – 5 есе, зертханалық және диагностикалық зерттеулерге жолдамалар тағайындау – 3,5 есе, үйге шақыруларға қызмет көрсетуді ресімдеу және зертханалық зерттеулер нәтижелерін алу – 5 есе қысқарды.
Жасалған жағдайға қарамастан, күрделі эпидемиологиялық ахуал және елдің денсаулық сақтау жүйесі тап болатын сын-тегеуріндерге жаңа шешімдерді талап етеді.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген вакциналарды сатып алуды жеделдету қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ биоқауіпсіздікті болжаудың ұлттық жүйесін құруға, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары технологиялық жабдықпен қамтамасыз етуге, 137 тірек елді мекенде фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды дамытуға бағытталған бірқатар басқа да тапсырмалар берді.
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі» Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі« атты Қазақстан халқына Жолдауында берген барлық тапсырмаларын денсаулық сақтау министрлігі көрсетілген мерзімде іске асыратын болады», - деді министр.

