17 сәу, 2020 сағат 17:38

Қазақстанда 423 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан

Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова 17 сәуір күнгі брифинг кезінде Қазақстанда барлығы 423 медицина қызметкерінен коронавирус табылғанын хабарлады. Олардың басым бөлігі - Алматыда (53%). Дегенмен елде дәрігерлер тапшылығы жоқ деді Есмағамбетова. Бірнеше сағат бұрын Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы қалада 234 медицина қызметкерінің COVID-19 ауруына шалдыққанын хабарлаған болатын

- Дәрігерлер тапшылығын жою мақсатында әр өңірде 10-20 пайыз аралығында резерв қарастырылған. Сондықтан қазір медицина қызметкерлері жеткілікті, - деді Айжан Есмағамбетова. 

Бас санитар дәрігер бұған қоса 14 сәуірде қабылданған карантиндік шараларды күшейту туралы қаулыға сілтеме жасап, барлық медициналық мекемелердің күшейтілген режимге көшетінін айтты. Оған сәйкес, әрбір медициналық мекемедегі науқас "коронавирус жұқтырған адам" ретінде қарастырылады. Дәрігерлердің барлығы қорғаныш құралдарымен жабдықталуы тиіс. 

Бас санитар дәрігер жұма күнгі брифинг кезінде Қызылорда және Атырау облыстарында уақытша қамау изоляторында екі адамнан коронавирус табылғанын хабарлады.

Бұған дейін Ақтөбе облысында уақытша қамау изоляторында отырған бір тұрғыннан вирус анықталғаны туралы ақпарат шыққан. Дегенмен брифинг кезінде Ақтөбедегі жағдай айтылмады. 

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 1498 адамнан коронавирус табылған. 17 адам қайтыс болған. 347 науқас жазылған. Айжан Есмағамбетованың айтуынша, республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың көбеюі деңгейі 15 пайызға дейін ауытқып тұр. Алайда кейбір аймақта бұл көрсеткіш 20-60 пайызға жеткен. Бас санитар дәрігер сол себепті аймақта карантин шараларын күшейту қажеттігін айтты. 

Оның айтуынша, алдағы уақытта аймақтарда қоғамдық көлік тоқтайды, жеке көліктердің жүруіне шектеу қойылады. Азық-түлік базарлары, айырбастау пунктері, банктер жабылады. 

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланған. Бұған дейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және өзге қалалар мен облыстарда карантин жарияланған болатын.