2020 жылы республикалық маңызға ие жолдарды салу және қайта жаңартуға қатысты жобаларды іске асыруға 400 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылған, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл автомобиль жолдарының 2,6 мың шақырымында, атап айтқанда мына жолдарда қозғалыс ашылады деп жоспарланып отыр.
- «Қарағанды-Балқаш-Қапшағай»
- «Ақтөбе-Атырау-Астрахань»
- «Талдықорған-Өскемен»
- «Қалбатау-Майқапшағай»
- «Меркі-Бурылбайтал»
- «Үшарал-Достық»
- «Ұзынағаш-Отар»
- «Көкшетау-Петропавл-Қорған»
- «Қостанай-Денисовка».
Жалпы алғанда, автомобиль жолдарының 4 мың шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Республикалық және жергілікті жол желілеріндегі жол-құрылыс жұмыстарына 100 мыңға тарта адам тартылмақ.
Іске асырылып жатқан жобалар аясында жұмысқа жол-құрылыс техникасының 10 мың бірлігі, 77 ұсақтау қондырғысы, 57 бетон және 87 асфальт-бетон өндіретін зауыт жұмылдырылған.
Республикалық маңызға ие жолдардың техникалық жағдайын қалпына келтіру және күтіп ұстау үшін автомобиль жолдарының 1,5 мың шақырымы күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Бұл мақсатқа 59 млрд. теңге қарастырылған.
Жолдарды күрделі жөндеуден өткізу аясында маңызды жобаларды іске асыру жұмыстары жалғастырылады. Олардың арасында Батыс Қазақстан облысындағы жалпы ұзындығы 280 шақырымды құрайтын автожолға асфальт-бетон жабындысын төсеу жобасы бар.
Сонымен қатар, биыл Алматы қаласы маңындағы «Алтын Орда» базары ауданында автожол учаскесін кеңейту жұмыстары аяқталады.
Осылайша, жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық автожолдар үлесі биыл 89% дейін жеткізіліп, І және ІІ санаттағы жолдар ұзындығы 36% дейін ұлғайтылмақ.
Өткен жыл қорытындыларында автомобиль жолдарының 641 шақырымында қозғалыс ашылған болатын. Атап айтқанда:
- «Теміртау-Қарағанды-Балқаш-Қапшағай»
- «Нұр-Сұлтан-Павлодар»
- «Павлодар-Семей»
- «Көкшетау - Петропавл – РФ шекарасы»
- «Бейнеу-Ақжігіт», «Таскескен-Бақты»
- «Щучинск – Зеренді»
- «Қандыағаш-Мақат»
«Жетібай – Жаңаөзен» жолдары.
Автожолдар саласын дамыту аясында былтыр республикалық жолдардың 4,4 мың шақырымы құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен қамтылып, 1,1 мың шақырымы күрделі және орташа жөндеуден өткізілді.
Аталмыш жұмыстардың барлығы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық маңызға ие автомобиль жолдар үлесін 88% дейін жеткізуге мүмкіндік берді. І және ІІ санаттағы автомобиль жолдарының ұзындығы 34% дейін арттырылып, 8,2 мың шақырымды құрады.
Ақылы жолдар турасында айтсақ, елімізде бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол бар. Өткен жылы олардан түскен қаражат мөлшері 5,4 млрд теңгені құрады. Түсімдер ақылы жолдар мен төлем алу жүйесін күтіп ұстауға жұмсалады.
2019 жылдың желтоқсанында инвестициялық конкурс қорытындысы бойынша жолдардың 11 мың шақырымында төлем алу жүйесін орнату және қызмет көрсету туралы келісімшартқа қол қойылды. Құжатқа сәйкес реконструкциядан өткен автожолдарының 5,7 мың шақырымында төлем алу жүйесі биыл орнатылады деп жоспарланған.