21 ақп, 2023 сағат 15:56

Қазақстанда 250 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр

CC0 / Esi Grünhagen /

Бүгінде республика бойынша бірден алты жасқа дейінгі 250 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегін күтіп жүр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

Оның айтуынша, төрт жыл ішінде балабақша кезегі 2 есе қысқарған. 2-6 жастағы балаларды қамту 89,4%-ды, ал 3-6 жастағыларды қамту көрсеткіші 98,3%-ды құраған.

"Десе де балабақшаларға кезек әлі де бар. 2022 жылдың соңында республика бойынша 1-6 жастағы 250 мыңнан астам бала кезекте тұр", - деді Жұмаділдаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, алдағы үш жылда 222 мыңнан астам жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Бұл 2028 жылға қарай 2-6 жастағы барлық бүлдіршінді мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтуға мүмкіндік бермек.

Бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды арттыру және жеке инвесторларды тарту үшін жекеменшік балабақшалардың 93,4 пайызында мемлекеттік тапсырыс орналастырылған.