Қазақстанда тағы 1809 адамның коронавирус тесті оң шықты, 7 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Бір күнде 26 адам өлімі тіркелді: 19 адам – коронавирустан, 7 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.
Өткен тәулікте Алматы қаласында – 545, Алматы облысында – 278, Нұр-Сұлтанда - 242 науқас тіркелген. Батыс Қазақстан облысында - 101, Атырау облысында – 64, Қарағанды облысында – 90, Ақтөбе облысында – 153, Павлодар облысында – 31, Ақмола облысында – 60, Шымкент қаласында – 30, Шығыс Қазақстан облысында – 23, Маңғыстау облысында – 11, Жамбыл облысында – 28, Қостанай облысында – 34, Солтүстік Қазақстан облысында – 24, Қызылорда облысында – 39, Түркістан облысында 16 науқас анықталған.
2020 жылдың наурыз айынан бері 256 837 адамның коронавирус тесті оң шықты. Содан бері 3129 адам қайтыс болған.
6 сәуірдегі мәлімет бойынша, 28 333 адам індеттен (27 330 КВИ+ және 1 003 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 10 243 пациент - стационарда, 18 090 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
• 456 адамның жағдайы ауыр;
• 132 пациенттің жағдайы өте ауыр;
• 77 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Қазақстан үкіметі былтыр 1 тамыздан бастап анализінен коронавирус анықталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын коронавирус пневмониясының да есебін жүргізіп келеді. Тоғыз айдан астам уақыт аралығында пневмонияның бұл түрімен 50 839 науқас тіркелген. Басым бөлігі жазылған, 709-ы қайтыс болған.
Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Алматы облысы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары "қызыл аймақта" тұр. Шымкент және Қарағанды облыстары – "сары аймақта", қалғандары "жасыл аймақта" тұр.
Елде 1 ақпаннан бастап жаппай вакциналау науқаны басталған. Соңғы мәлімет бойынша, 266 мың адамға вакцинаның кемінде бір дозасы салынған. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 6 сәуір күнгі брифинг кезінде сәуір айында аймақтарға 2 млн вакцина жеткізіледі, сол арқылы халықтың 23,4 пайызын вакцинамен қамтамасыз етуге болады деп мәлімдеді. Үкімет вакциналау науқанын қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев вакциналау науқанының сылбыр жүріп жатқанын сынап, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға ескерту жасаған.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде барлығы 131,7 миллионнан астам адамнан коронавирус анықталған. Оның 74 миллионы жазылған, 3 миллионға жуығы қайтыс болған.