Фото: © Pixabay / Jack Sellaire
Республикадағы 1 395 ауылды 2025 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бүгінгі таңда 6 295 ауылдың 4 900-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін 2025 жылдың соңына дейін шешу жоспарланып отыр", - деді министр үкімет отырысында.
Қарабаевтың айтуынша, қалған ауылдардың 69%-і, яғни 963-і халқы аз елді мекендерге жатады. Оларға бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті бюджет есебінен кешенді блок модульдер орнатылады. Индустрия министрлігі арқылы 391 ауылда (оның ішінде биыл 120 ауылда іске қосылады) орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы қамтамасыз етіледі.
Ал 41 ауылда (СҚО-35, Ақмола, Қызылорда-3) кентішілік желілер Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы топтық су құбырларын салу жөніндегі жобаларды іске асыру аясында салынады. Осы орайда министр орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарланып отырған ауылдарда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмысына тоқталды.
Оның айтуынша, бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді талап ететін 126 ауылдың тек 59-ы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қалған 67 ауыл бойынша жұмыс әлі басталмаған.
"Жергілікті атқарушы органдар осы бағыттағы жұмысты жандандыруға тиіс. Сонымен қатар, іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуді жеделдету қажет. 20 ауылда бұл жұмыс жүргізілуде, ал Қарағанды облысының 2 ауылында (Жарлы ауылы, Жаңаауыл ауылы) қазір тек жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге конкурстық құжаттама дайындалуда. Өзіңіз білетіндей, бұл жұмыстар орта есеппен екі жылға созылады. Аталған іс-шараларды уақтылы жүргізбеу, тапсырманы іске асыру мерзімдерінің бұзылуына әкеп соғады", - деп мәлімдеді Қарабаев.