Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус дерті лабораторияда дәлелденген 1 370 науқас тіркелді. Бұл жөнінде денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты хабарлады. Мекеме мәліметі бойынша, 28 қаңтарда симптомдары Covid-қа ұқсас "пневмониямен" ауырған 70 адам санаққа алынған. Жұмада коронавирустан 8 адам көз жұмса, бейсенбіде "ковидқа ұқсас пневмониядан" 2 кісі қайтыс болған.
Министрлік "коронавирусқа ұқсас пневмония" статистикасын бір күн кешіктіріп жариялайды. Оның үстіне, мекеме бұл дертке шалдыққандардың аймақтар бойынша мәліметін бермейді, тек республикадағы жалпы көрсеткішпен шектеледі.
Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясынан 1452 науқас жазылып шыққан.
Covid-ті жаңа жұқтырғандар көрсеткіші бойынша Павлодар облысы алда келеді. Мұнда бір тәулікте бұл инфекциямен 267 адам тіркелген. Жұма күні аймақтың бас санитар дәрігері мұнда індеттің өршуіне байланысты бірнеше ауданда кемі екі аптаға 20 санитарлық пост қойылатынын мәлімдеді. Жыл басынан бері өңірде коронавирус жұқтырған 4 мыңдай адам тіркелген.
Соңғы мәлімет бойынша індет ең жылдам тарап жатқан "қызыл аймаққа" кірген Нұр-Сұлтанда - 139, Алматыда – 90 адам коронавирус жұқтырған.
Өткен тәулікте науқас ең көп тіркелген аймақтар — Ақмола (205 адам) және Павлодар (267 адам) облыстары.
Солтүстік Қазақстанда — 115, Қостанайда — 110, Батыс Қазақстанда — 91, Алматы облысында — 83, Қарағанды облысында — 81, ШҚО — 67, Атырау облысында — 31, Жамбыл облысында — 27, Түркістан облысында — 19, Шымкент қаласында — 17, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында — 11 адамнан, Ақтөбе облысында — 6 адам Covid жұқтырып, тіркеуге алынды.
Былтырғы наурыздан бергі мәлімет бойынша, Қазақстанда жалпы 185 369 адам коронавируспен, 47 787 адам соған ұқсас пневмониямен есепке алынған. 3 101 адам көз жұмған. Кей әлеуметтанушылар мен медицина қызметкерлерінің айтуынша, коронавируспен ауырғандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Ресми мәлімет бойынша, осы күні коронавирус инфекциясы дәлелденген, дәлелденбеген адамдарды қоса есептегенде 27 403 адам емделіп жатыр. Олардың ішінде 6 430 кісі стационарда. 265 адамның жағдайы ауыр, 61 пациенттің жағдайы өте ауыр, 43 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.