10 нау, 2020 сағат 12:22

Қазақстанда 11 млн текше метр қар шығарылды

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин ел аумақтарын қардан тазарту жұмыстары жөнінде айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

«Қазіргі уақытта барлық өңірлердің әкімдіктері қар шығару жұмыстарымен айналысуда. Осылайша, облыс орталықтары мен аудандардан 11,5 миллионнан астам текше метр қар шығарылды. Бірақ, қыс мезгілі қайтар емес. Түнгі уақытта бірнеше жолды жабуға тура келді. Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарында құтқару жұмыстарын жүргіздік», - деді Ю. Ильин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, ертеңнен бастап, күндізгі ауа температурасы көтеріледі.

«Апта соңына дейін күндізгі ауа температурасы 5 градусқа дейін көтеріледі. Түнгі уақыттағы минустық температуралар қардың тұтас еріп кетпеуіне септігін тигізуде. Жалпы ІІМ бөлімшелері кез келген жағдайға дайын. «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуда азаматтық қорғау органдарының іс-қимылдары пысықталды,», - деді ол.

Су тасқыны жағдайына ішкі істер органдарынан 9 мың адам жəне 1730 дана техника дайын тұр.

«Жекелеген өңірлерге күш-құралдар жіберу жұмыстары наурыз айының соңында басталады. Атап айтқанда, оңтүстік өңірлерден Шығысқа, Орталық Қазақстанға және Солтүстік, Батыс бағыттарға жіберілмек. Қазіргі уақытта Қазгидромет бөлімшесімен және жергілікті атқару органдарымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз», - деді министрдің орынбасары.