08 жел, 2022 сағат 18:33

Қазақстан темір жолы жұмысына өзгерістер керек - сенатор


Сенатор Бауыржан Қаниев еліміздің теміржол саласын реформалау қажет деп санайды.

Депутат Премьер-Министр Әлихан Смайловтың атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі теміржолдың проблемалары туралы айтып, оларды шешу жолдарын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрам паркінде 2 228 вагон бар, олардың 35 пайызының пайдалануға берілгеніне 28 жылдан асып кеткен. Тальго вагондарын есептемегенде, жолаушылар вагондары орташа есеппен 63%-ға, ал локомотивтер 67%-ға тозған.

Б. Қаниев өзінің депутаттық сауалында ішкі жүк тасымалының қымбаттығы мәселесін де көтерді. Ол тауарлардың түпкі құнын арттыруға ықпал етеді. Атап айтқанда, «ҚТЖ» АҚ меншігінде жүкті тиеу-түсіруге арналған 170 арнайы орын бар, ал олардың жеке меншіктегі саны 3 600-ден асады.

Сенатордың пікірінше, ол жердегі тарифтердің бақылаусыздығы мен алыпсатарлық әрекеттер теміржол жүктері бағасының айтарлықтай қымбаттауына әкеліп отыр.

«Теміржол тасымалының әлеуметтік-экономикалық маңызы мен транзиттік әлеуетін ескере келгенде, «Қазақстан темір жолы» АҚ түбегейлі реформаларды қажет етеді. Осы мәселелерді шешуді, ең алдымен, саланың тәжірибелі мамандарын басшылық лауазымдарға тағайындаудан бастаған жөн деп санаймыз. Елімізде мемлекеттік активтерді жекешелендіру салдарынан болған жағымсыз жағдайларды ескере отырып, жекешелендірілген жүк тиеу орындарын, багаж бөлімшелерін «Қазақстан темір жолы» АҚ меншігіне қайтару қажет», - деді депутат.