«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Алтын қор» сайтын іске қосты. Сайтта қазақтың ардақты перзенттерінің видеосы мен даусы, ұлтқа қызмет жолындағы көрнекті істері туралы құнды деректер топтастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Kazmedia орталығында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының altynqor.com cайты таныстырылды.
Сайтта Қазақ телевизиясы қорындағы 1930 жылдардан бергі видео және аудиоматериалдар топтастырылған.
Бұл туралы корпорацияның басқарма төрайымы Ләзат Танысбай мәлім етті.
«Бұл - алтын қорда ұзақ жылдардан бері сақталған мұраны қызығушылық танытқан әрбір жанға қолжетімді ету үшін жүзеге асқан жоба. Сағынышқа айналған бейнелер мен дауыстарды, мазмұнын жоғалтпаған хабарларды осылайша халықтың игілігіне қайта ұсынуды жөн санадық. Сайтты қарапайым көрерменнен бөлек, зерттеуші ғалымдар үшін ашық дереккөз ретінде пайдалана алады. Бүгінде қорда 110 мыңнан астам бейне және аудиоматериал болса, оның қатары жыл сайын 1000 материалмен толықтырылып отырады. Сондықтан сайтты толтыру ісі де тұрақты түрде жалғасады», - деді Ләззат Танысбай.
Сайттағы мұрағат материалдар бірнеше бөлім бойынша іріктелген. Мысалы, «Бейнеқор» бөлімінде С.Әшімбаев, Ш.Мұртаза, С. Оразалин жүргізген «Парыз бен қарыз», «Ұлт және сана», «Сұхбат» бағдарламалары, «Тамаша», «Халық қазынасы», «Асыл мұра», «Адам іздеп жүрмін», «Келесі аялдама», «Кеш жарық», «Күлтөбе» сынды 800-ден астам бөлімнен тұратын 50 телехабар, «Советтік Қазақстан» киножурналы мен «Қазақтелефильм» өндірістік бірлестігінің жобалары бар.
Ал «Тұлғалар» бөлімінде К.Әзірбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Ш.Жиенқұлова, К. Байсейітова, Ш.Айманов, Ш.Айтматов, Қ.Мырза Әлі сынды тұлғалардың қатысуымен әр жылдары түсірілген бейнетоптамалар қамтылған.
«Аудиоқор» бөліміне 1954 жылдан бергі сақталған М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Б.Соқпақбаев, Ғ.Мүсірепов сынды 100 ұлт қайраткерінің әр жылдары жазылып алынған дауыстары, Қ.Байжанов, К.Әзірбаев, Қ.Бабақов, Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, Ж.Кәрменов, М.Ешекеев сияқты қазақ ән өнері майталмандарының дауысымен жазылған 132 ән, әр жылдары Қазақстан төңірегінде жүргізілген түрлі экспедициялардағы шешендік өнер жайындағы сұхбаттар, Батырлар жырының 50 нұсқасы, 100 күй, 100 ертегі нұсқасы, «Сыңсу», Бесік жыры, «Жар-жар», «Беташар», «Жарапазан», Жоқтау» сынды тұрмыстық-ғұрыптық әндер енгізіліпті.
Шара аясында Қазақ радиосының 100 жылдығына орай жарыққа шыққан «Алтын қор. Аманат» аудиожинағы таныстырылды.
Антология «Дәуір үні», «Атадан қалған асыл сөз», «Батырлар жыры», «Ән өнері», «Күй», «Салт-дәстүр» және «Ертегі» деп аталатын 7 бөлімнен тұрады.
Аудиожинақтың басты ерекшелігі - ұсынылған туындылар арнайы флэш-кардқа жазылған.
Әр бөлімнің соңындағы QR-код арқылы радио және altynqor.com сайтынан жинақтың электронды нұсқасын тыңдауға болады.