Корей Халық-Демократиялық Республикасының баллистикалық зымыранды ұшыруына байланысты Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады.
«Қазақстан Республикасы 2017 жылғы 28 шілдедегі Корей Халық-Демократиялық Республикасының баллистикалық зымыранды ұшыруын батыл айыптайды. Мұндай-іс-әрекеттер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын өрескел бұзушылық болып табылады, әлемге қауіп төндіреді және Шығыс Азия өңірінде және жаһандық ауқымда жағдайды ушықтырады.
ҚХДР-ның жауапсыз саясаты ядролық қарусызданудың жаһандық процесіне теріс әсер етеді, болашақ ядросыз ғаламшарды қамтамасыз ету жөніндегі ұжымдық күш-жігерге зиян келтіреді. ҚХДР-ды өз халқының қауіпсіздігі мен дамуы, сондай-ақ бүкіл адамзаттың игілігі үшін ядролық менмендіктен бас тартуға табанды түрде шақырамыз.
ҚХДР-дың зымырандық және ядролық бағдарламасының қаупі бүкіл мүдделі тараптарға келіссөздер процесін жедел түрде қайта бастау арқылы өзара тиімді шешімді іздестіру жөніндегі күш-жігерді жандандыруды талап етеді. Қалыптасқан жағдайдан шығуда Солтүстік Корея билігінің арандатушылық іс-әрекеттерінен туындаған проблеманы күшпен емес, нақ келіссөздер арқылы шешуге болады деп есептейміз»,- делінген мәлімдемеде.