01 қар, 2017 сағат 19:50

Қазақстан су тасқынынан зардап шеккен Македонияға 50 мың еуро береді

Қазақстан Республикасы Македония Республикасына алапат су тасқынына байланысты ізгілік көмек ретінде 50 мың еуро береді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Әділет» ҚР Нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 30 қазанында Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметінің №680 «Македония Республикасына ресми ізгілік көмек көрсету туралы» Қаулысына қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Қаржы министрлігіне ҚР Үкіметінің төтенше резервінен Македония Республикасына ресми ізгілік көмек көрсету үшін Сыртқы істер министрлігіне Ұлттық банкінің айырбастау күнгі ресми бағамы бойынша 50000 еуроға баламалы сомада қаражат бөлуді тапсырды. Төтенше резервтің қаржысы Қазақстанның және басқа мемлекеттердің аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін 2017 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген.

Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енді.