Қазақстан Үкіметі Сирия, Тәжікстан және Қырғызстанға 662 млн теңге гуманитарлық көмек бөлді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан Республикасы Үкіметінің сәйкесінше қаулысына 2017 жылдың 20 желтоқсанында қол қойылған және ол «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайтында жарияланды. Құжатқа сәйкес ҚР Үкіметінің "Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу туралы" 2017 жылғы 25 мамырдағы № 288 және "Тәжікстан Республикасына ресми iзгiлiк көмек көрсету туралы" 2017 жылғы 8 қарашадағы №721 қаулыларына өзгерістер енгізілген.
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне 2016 жылы мемлекеттік материалдық резервтен броньнан шығарылған материалдық құндылықтардың құнын өтеу үшін 2017 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен 662689013,92 (алты жүз алпыс екі миллион алты жүз сексен тоғыз мың он үш теңге тоқсан екі тиын) теңге мөлшерінде ақша қаражаты бөлінсін», - делінген құжатта.
Оның ішінде Тәжікстан Республикасына ресми ізгілік көмек көрсету үшін 276790000 (екі жүз жетпіс алты миллион жеті жүз тоқсан мың) теңге сомасында, Қырғыз Республикасына ресми ізгілік көмек көрсету үшін 200281141,92 (екі жүз миллион екі жүз сексен бір мың бір жүз қырық бір теңге тоқсан екі тиын) теңге сомасында, Сирия Араб Республикасына ресми ізгілік көмек көрсету үшін 185617872 (бір жүз сексен бес миллион алты жүз он жеті мың сегіз жүз жетпіс екі) теңге сомасында ақша қаражаты бөлініп отыр.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Тәжікстан Республикасына iзгiлiк көмек көрсету үшін 986,534 (тоғыз жүз сексен алты тонна бес жүз отыз төрт килограмм) тонна көлемінде мазут сатып алуға 2017 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен 101015634,8 (бір жүз бір миллион он бес мың алты жүз отыз төрт теңге сексен тиын) теңге мөлшерінде ақшалай қаражат бөлінеді.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.