05 қар, 2021 сағат 12:47

Қазақстан шет мемлекеттерге аптасына 63 бағытта 247 рейс орындайды


Қазақстанда ішкі авиарейстер толығымен қалпына келтірілді. Ал шет мемлекеттерге аптасына 63 бағытта 247 рейс орындайды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл басынан бері салада былтырмен салыстырғанда көрсеткіштер біршама артқан. 

«2021 жылдың тоғыз айында тасымалданған жолаушылар саны 81% артып, 6,9 млн адамға жетті. Әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 70% артып, 12,6 млн адам (2020 жылдың 9 айында – 7,4 млн адам, 2019 жылдың 9 айында - 12,3 млн адам) болды.

Бүгінгі таңда ішкі рейстер толықтай қалпына келтірілді (аптасына 57 бағытта 744 рейс). Сондай-ақ 23 мемлекетпен (Түркия, Корея, БАӘ, Беларусь, Украина, Германия, Өзбекстан, Қырғызстан, Мысыр, Ресей, Грузия, Тәжікстан, Польша, Нидерланд, Черногория, Армения, Ұлыбритания, Венгрия, Мальдив, Әзербайжан, Катар, Шри-Ланка, Таиланд) арадағы халықаралық рейстер (аптасына 63 бағытта 247 рейс) қайта ашылды», - делінген таратылған мәліметте. 

Ақпаратқа сәйкес, орташа есеппен алғанда ішкі бағыттарда күніне 106 рейс, халықаралық бағыттар бойынша 35 рейс орындалады.