ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассин Зербо бірлескен мәлімдеме қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәлімдеме мәтіні елордада өтіп жатқан «Өткенді еске алып, болашаққа көз тік» атты халықаралық конференцияда жария етілді.
«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы жария еткен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай біз ядролық сынақтан азат әлем құруға шынайы берілгендігімізді қуаттаймыз және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартының күшіне енуіне қолжеткізуге табандылық танытатындығымызды тағы да мәлімдейміз», - делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар тараптар 29 тамыздың Қазақстан үшін нышандық мәні бар екендігін атап өткен. Өйткені, 1991 жылдың дәл осы күнінде Семей ядролық полигоны жабылған болатын.
«1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті жүзеге асырған Семей полигонын жабу туралы тарихи шешім қуатты саяси жолдау болып саналады және халықаралық күш-жігердің жәрдемімен 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қабылдануына түрткі болды. Көптеген жылдар бойы Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымына жан-жақты қолдау көрсетті және ядролық қаруды жоюға табанды түрде қолдап келді», - делінген мәлімдемеде.